Конституция заңдылықтың кепілі

Просмотров: 306

Ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiн еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiн сезiніп, егемендiк құқығын негiзге ала отырып, осыдан 22 жыл бұрын, яғни 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдағанын мақтанышмен айта аламыз.

Қазіргі қолданыстағы Конституцияның негізгі ерекшелігі – республикалық референдумда қабылдануы, яғни Ата заңымызды барша Қазақстан халық

қолдап, дауыс беріп, жарқын болашаққа ұмтылысын, қалауын білдіргені сөзсіз. Міне, биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 22 жыл толып отыр. БұлҚазақстан тарихындағы орыны ерекше оқиғалардың бірі.

Конституцияда Ел дамуының негізгі қағидалары, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары, саяси, әлеуметтік дамуындағы басты бағыттар мен міндеттер анық белгіленген.

Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және Республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады.

Қазақстан Республикасы қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу болып табылады.

Конституцияның 1 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары танылған.

Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.

Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді.

Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады.

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық.

Сондықтан, Конституцияның басым бөлігі адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен міндеттеріне арналған.

Мысалы, әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын, қажеттi қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлдермен қорғауға, өмiр сүруге құқығы, жеке басының бостандығына құқығы, қадiр-қасиетiне қол сұғылмаушылығы, сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiлуі, цензураға тыйым салынуы, заң мен сот алдында жұрттың бәрiнің теңдігі атап көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 12 бабында адам құқықтары мен бостандықтарының танылуы, оларға кепiлдiк берiлуі, адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылғаны, олар абсолюттi деп танылатыны, олардан ешкiм айыра алмайтыны, Республика азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарына ие болып, мiндеттер атқаратыны туралы айтылған. Жалпы, Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 бөлімнен, 98 баптан құралған. Конституцияда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қағидалары көрсетілген. Соның бірі-Конституцияның 44-ші бабында көрсетілген Қазақстан Республикасы Президентiнің Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнау құқығын ерекше атап өтуге болады. Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуының барлық саласын қамтып, экономикалық модернизациялау, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау салаларының бүгінгі күн талабына сай болуына кепілдік беретін маңызды құжат екені сөзсіз.

Егемендігіміздің негізгі белгілерінің бір-мемлекеттік тіл мәселесі де Ата заңымызда атап көрсетілген.

Конституцияның 7 бабына, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны белгіленген.

Адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, денсаулықты сақтау қағидалары да нақты белгіленген.

Атап айтқанда, Конституцияның 29 бабында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алу құқығы, 31 бабында мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қоятыны нақты көрсетілген.

Прокуратура органдарының құзыреті де Ата заңымызда белгіленген.

Конституцияның 83 бабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

Конституцияда адам мен азаматтардың құқықтарымен қатар, міндеттері де белгіленген.

Атап айтқанда, әркімнің Республикасының Конституциясы және заңдарын сақтау, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн, заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу, Қазақстан Республикасын қорғау, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғау, табиғатты сақтау, оның байлықтарына ұқыпты қарау, Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеу міндеттері көрсетілген.

 

Барлық азаматтар Қазақстан Республикасының Конституциясын ардақтап, белгіленген нормалары мен қағидаларын сақтауға міндетті. Себебі, Конституция – заңдылықтың кепілі болып табылады.

Айгуль Темиртасова

 

Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі, әділет кеңесшісі